Тарихымыздан белгілі 1991 жылғы 16 - желтоқсанда «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі» туралы Конституциялық заңы қабылданды. Тәуелсіздік - халқымыздың мәңгілік құндылығы. Бүгінге дейінгі барлық жетістіктерімізге тәуелсіздіктің арқасында қол жеткіздік.
Біз - бақытты ұрпақпыз... Себебі, ата - бабамыз көрген шапқыншылықты, табаны тілім - тілім болған басқыншылықты, бір түйір дәнге зәру болған аштықты, талай адамның жанын, жақынын алған сұм соғысты мына біздер, жас ұрпақ көргеніміз жоқ. Бейбіт өмірмен қатар, аталарым армандаған, өз қолы жетпесе де келер ұрпағы үшін күрескен, қазып қалсаң асты қазынаға толы кең байтақ жерді, бай тілді, тәрбиеге тұнып тұрған салт - дәстүрді, ең бастысы тәуелсіздіктің тәтті дәмін татып жатқан жарқын ұрпақпыз.
Тәуелсіздік - Қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі. Сондықтан да біз үшін Тәуелсіздік күні - ең қастерлі күн. Еліміз тәуелсіздігін жариялап, дербес мемлекет ретінде әлемге танылды.
Тәуелсіздік - біздің ең басты игілігіміз, баға жетпес құндылығымыз. Бүгінде біз - көк туымыз желбіреп, қанатын кеңге жайған егеменді елміз.
Аз ғана мерзімде көптеген елеулі табыстарға қол жеткіздік. Еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігі, көп ұлтты Қазақстан халқының жарастығы мен ынтымақтастығы Президентіміздің жүргізген, парасатты да көреген саясатының нәтижесі ретінде орнады. Экономикасы дамып, халықтың жағдайы әлдеқайда жоғары деңгейге жетті. Өзге елдермен арадағы қарым - қатынастар реттеліп, халықаралық саудаға шығуға мүмкіндік алды. Жастардың шет елдерде оқуға, сол жерде алған білімін Отанында қолдануға мүмкіндіктері пайда болды. Қазіргі таңда спорттан ұйымдастырылатын олимпиада, спорттық ойындарда қазақстандық бауырларымыз жоғары орындардан көрініп, ел беделін көтеруде, еліміздің әнұраны бүкіл әлем алдында жиі ойнатылып, Қазақстан деген мемлекет күннен - күнге әлем үшін жаңа белестерден көрінуде.
Тәуелсіздік - ең алдымен қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі. Сондықтан, біз үшін Тәуелсіздік күні - ең қастерлі күн. Біз бүгінгі барлық жетістіктерімізге Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткіздік. Қазіргі бейбіт мемлекетте уайым - қайғысыз өмір сүріп жатқанымыз да осы тәуелсіздік арқасы деп айта аламыз.