Тақырыбы: «Балабақша мен отбасының бала тәрбиесіндегі бірыңғай талабы»
2025 жылдың 8 қыркүйекте «Балдәурен» балалар бақшасындажалпы ата - аналар жиналысы өтті. Іс - шараның мақсаты - ата - аналар мен балабақша арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайту, бала тәрбиесіндегі бірыңғай талаптарды қалыптастыру және оқу - тәрбие процесінің тиімділігін арттыру болды.
Күн тәртібі:
- Балабақшаның ішкі тәртібі туралы (Меңгеруші Чимчикова М.С.)
- «Балабақша мен отбасының бала тәрбиесіндегі бірыңғай талабы» (Әдіскер Сейткожаева Н.С.)
- «Балалардың сөйлеу тілінің дамуына бірлесе отырып үлес қосу» (Педагог - логопед Қалдыбаева А.Е.)
- Балалардың тамақтану сапасы (Медбике Байгабатова Н.)
- Әртүрлі мәселелер бойынша пікір алмасу.
Меңгеруші Чимчикова М.С. ата - аналарды жылы қарсы алып, қатысқандары үшін алғыс білдірді. Ол балабақша ішкі тәртібімен, тәрбие ережелерімен және күн тәртібін сақтау талаптарымен таныстырды. Баланы уақытында әкелу, ұқыпты киіндіру және ауру белгілері байқалған жағдайда балабақшаға әкелмеу қажеттігі ескертілді.
Әдіскер Сейткожаева Н.С. бала тәрбиесіндегі балабақша мен отбасының өзара байланысы туралы баяндап, екі ортадағы талаптың бірдей болуының маңыздылығын түсіндірді. Ол баланың бойында мәдениеттілік, тәртіп пен адамгершілік қасиеттердің қалыптасуы — ата - ана мен педагогтың бірлескен еңбегінің нәтижесі екенін атап өтті.
Педагог - логопед Қалдыбаева А.Е. балалардың сөйлеу тілін дамыту бағытындағы жұмыстар туралы баяндама жасап, ата - аналарды үй жағдайында логопедиялық жаттығуларды орындауға шақырды. Баланың сөйлеу тілін қалыптастыруда балабақша мен отбасының бірлескен жұмысы ерекше рөл атқаратыны айтылды.
Балалардың тамақтану сапасы туралы ақпарат
Балабақша медицина қызметкері Байгабатова Н. балалардың дұрыс және сапалы тамақтануы жөнінде кең көлемді баяндама жасады.
Ол балабақшадағы тамақтану процесі санитарлық - гигиеналық талаптарға толық сәйкес ұйымдастырылатынын атап өтті. Ас мәзірі ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бекітілген нормаларына сай құрастырылады және балалардың жас ерекшеліктері ескеріледі.
Балалар күніне 4 мезгіл тамақтанады: таңғы ас, екінші таңғы ас, түскі ас және бесін ас. Әрбір тағам құрамында баланың өсіп - дамуына қажетті ақуыз, май, көмірсу, дәрумендер мен минералдар теңгерімді түрде қарастырылған.
Асхана қызметкерлері санитарлық нормаларды қатаң сақтап, тағам дайындау және тарату кезінде барлық қауіпсіздік шараларын орындайды. Дайын тағамдар дәмі мен сапасы бойынша бракераж комиссиясының тексерісінен өтеді.
Комиссияның қорытындысы бойынша:
- Дайын тағамдардың сапасы жақсы деп бағаланды;
- Балаларға беруге рұқсат етілді;
- Ас блогында дайындалған тағам көлемі мәзірге толық сәйкес келеді;
- Тексеру барысында ескерту мен кемшіліктер анықталған жоқ.
Медбике балалардың дұрыс тамақтануы олардың жалпы денсаулығына, көңіл - күйіне және оқу белсенділігіне тікелей әсер ететінін атап өтіп, ата - аналарды үй жағдайында да баланың тамақтану тәртібін дұрыс қалыптастыруға шақырды.
Жиналыс соңында ата - аналар өз ойларын білдіріп, бала тәрбиесіне қатысты бірқатар ұсыныстар айтты.